Еларалық өзендер ахуалы өзекті

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендер мәселесі екі ел қатынастарындағы өзекті де өткір проблеманың бірі болып отыр. Себебі Қазақстан – Қытай арасында 24 трансшекаралық өзен бар. Олардың ең ірілері – Ертіс, Іле және Еміл өзендері.

1522666094_columnist_img

Бұл өзендер Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдерінің бірден-бір су көзі саналады. Сондай-ақ олар еліміздің шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына, қоршаған орта экологиясының қалыпты болуына тікелей әсер етуші негізгі фактор десек, қателеспейміз. Трансшекаралық өзендер тараптардың жүйелі әрі тұрақты талқылайтын мәселесіне айналғанымен, ол жақын жылдары шешіле қояды деп айта алмаймыз. Өйткені дәл осы мәселемен айналысатын мемлекеттік органдардың басшылары мен осыған тікелей жауапты шенеуніктер еліміздің ұлттық, экономикалық және экологиялық қауіпсіздігі үшін аса маңызды мәселелер талқыланған кезде табандылық таныта алмайды. Көп ретте Қытай тарапының ығына жығылады, айтқандарына көнуге мәжбүр болады. Ал бүгінге дейін қол қойылып, күшіне енген екіжақты шарттық-құқықтық құжаттар су сапасы мен оны бұру және трансшекаралық өзендерді пайдалануға қатысты көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан – Қытай арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесі осыдан ширек ғасыр бұрын көтерілген. Бірақ біраз жылдарға дейін бұл мәселе бойынша ілгері басушылық байқала қоймады. Қытайларға осы «үнсіздік» керек-ақ еді. Ал біз ешқашан асықпайтын, аузымыздағы нанымызды біреу тартып әкетсе де үндемейтін халықпыз ғой. Сөйтіп жүргенде қазақстандық тарап ҚХР-дың Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы басшыларының Қара Ертіс өзені ағынының белгілі бір бөлігін провинцияның орталық аудандарындағы шөл далаға бұру туралы шешімін естиді. №635 деген атпен белгілі бұл жобаға Қытай коммунистік партиясының орталық комитеті де қолдау білдіреді. Содан кейін ғана қазақстандық тарап екі ел арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесіне назар аудара бастады. Соңғы жылдары Қытай билігі елдің батыс аймағын, яғни Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының экономикасын дамытуды мықтап қолға алуда. Ондағы шөл дала игеріліп, өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Сондай-ақ халық саны еселеп арта түскен. Осының барлығы орасан зор көлемде суды қажет ететіні анық. Оның ең басты және тиімді жолы – Ертіс пен Іле өзендерінің суын пайдалану. Бұған қазақстандық экологтар алаңдаушылық білдіріп, дабыл қаққалы біраз жыл болды… Қытай мұнай өнімдерін көп тұтынатын елдердің бірі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Тұрпан даласындағы мұнай қоры 10 миллиард тоннадан асады. Оны игеру үшін жұмыс күші жеткілікті, ал қажетті суды қайдан алады? Ертіс пен Іле өзендерінен бе? Жалпы алып көршіміз осы өзендерден су алу жоба-жоспарынан әлі бас тарта қойған жоқ. Оның үстіне олардың Шыңжаңдағы Қара Ертіс – Қарамай каналы жобасы тағы бар. Каналдың ені – 22 метр, ұзындығы 300 шақырымды құрайды. Аспанасты елі кез келген нәрсені жайдан-жай қолға алмайтынын, оны асықпай іске асыратынын естен шығармайық. Іле өзенінің суы Балқаш көліне құйылады, ол – көлдің 80 пайыз суын құрайтын үш үлкен су көзінің бірі. Екіншіден, Балқаш су көлемі жағынан әлемде он алтыншы, Орталық Азияда екінші орында тұрған ең үлкен көл саналады. Оның еліміз үшін экономикалық және экологиялық ерекшелігі жоғары. Өкінішке қарай, ғалымдар көлдің суы жыл өткен сайын төмендеп бара жатқанын айтады. Трансшекаралық өзендер суын пайдалануды және оны бөлуді реттемесе, болашақта Балқаш та Аралдың тағдырына душар болу ықтималдығын жоққа шығармайды. Бастауын Қытайдан алып, Қазақстан аумағы арқылы Ресейге ағатын Ертіс өзеніне қатысты алаңдатарлық пікірлер бар. Ресей экологиялық саясат орталығының жетекшісі Алексей Яблоковтың пікірінше, ресейлік ғалым-экологтар да Ертіс өзеніне байланысты проблемаға алаңдаушылық білдіреді. Өйткені Қытай үдемелі түрде Қара Ертіс суын ауыл шаруашылығы саласына пайдаланып келеді. «Қазіргі кезде Ертістен Ресейге ағып келетін судың көлемі екі есе азайған, – дейді ол. – Соның салдары Қазақстанға ғана емес, Ресейге де тиіп жатыр». Трансшекаралық өзендер суын пайдалануда табиғи тепе-теңдіктің сақталғаны жақсы. Ал экономикалық пайда көзін іздеп, көрпені өзіне қарай тарту мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін. Кез келген халықаралық және мемлекетаралық мәселені өзара түсіністік, өзара тиімділік жолымен шешкеннен ешкім ұтылмайды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

https://egemen.kz/article/166828-elaralyq-oezender-akhualy-oezekti