Судан туындаған сұрақ көп

Дүниенің әр түкпірінде ауыз суға зәру болып отыр­ған халықтар аз емес. БҰҰ-ның ғалымдармен бір­лесіп жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес 2050 жылы әлемде 5,7 млрд адам су тапшылығын сезінуі мүмкін. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану – адам­заттың бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің қатарында.

2019_09_12_su-1

Су айдындары қалдыққа толы

Бабаларымыз табиғатпен үндестікте ғұмыр кешіп, қор­шаған ортаның тепе-теңдігін сақтай білген. Осыған ұқсас пікірлер биік мінберден жиі айтылады. Өткенді жырлау қазақ қоғамының бас ауруына айналып кеткені қашан?! Әлбетте тарихты ешкім жоқ­­қа шығармайды, ұлттың игі дәстүрлерін дәріптеу құп­тарлық іс. Десек те оның жар­қын үлгісі бос ұраннан гөрі шынайы іс-әре­кеттен көрінсе қане? Рас, судың қадірін он екі айда бір ке­летін қасиетті Рамазанда ғана сезбесек, басқа уақытта тіршілікке қажетті бұл ком­понентті ысырап жасайтынымыз белгілі. Егер «Судың да сұрауы бар» екенін естен шығармасақ, онда «Бірге – таза Қазақ­стан!» сынды тазалық акция­ларының қажеті болмас па еді. Мә­селен, «Аулардан таза су айдыны» науқанының бір күнінде еліміздегі 80-ге жуық су айдыны мен жағалаудан 121 тонна қоқыс және жалпы ұзындығы 95,3 шақырымды құ­райтын синтетикалық тор жинал­ды. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің хабарлауынша, 61 685 гектар ауданды қамтыған өзен-көл­дерді тазарту үшін 431 су көлік техникасы және арнайы сүң­гуірлер жұмылдырылыпты. Вице-ми­нистр Ерлан Нысанбаев тек мамыр айы­ның өзінде елдегі суқой­ма­ларында 395 шақырым қытай­дың балық аулайтын торлары табылғанын айтты. Осыған жол бермеу үшін министрлік мұндай торды Қазақстанда пай­далануға тыйым салды. Бұл жағымсыз көрсеткішке қарап отандастарымыздың эко­логия­лық мәдениетінің деңгейін б­а­ғамдай беруге болады.

Орталық Азияда халық саны 90 млн-нан асады

Әрине біздің айтпағымыз қол­да­ғы табиғи қорды тиімді пайдаланып, келер ұрпақтың келешегін қамдау. Неге десеңіз, жаһандық эколо­гия­ның архитектурасы шатқаяқтаған заманда су ресурстарын тиімді пайдалану өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл Орталық Азияға да тікелей қа­тысты. Сарапшылардың де­ре­гін­ше, XXI ғасырдың ортасына қарай бұл аймақтағы халық саны 90 млн-нан асуы мүмкін. Осы ретте Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттермен бір­лесіп жұмыс істеуге әзір, дейді Қа­зақстан стратегиялық зерттеулер инс­­ти­тутының директоры Зарема Шау­ке­нова.

2018 жылы трансшекаралық өзендерге қатысты бірнеше маңызды мәселе реттелді. Атап айтқанда, Ақ­тау­да өткен V Каспий маңы мем­ле­кеттерінің саммитінде теңіздің құқық­тық мәртебесін анықтайтын конвенция қабылданды. Бұл стратегиялық тұрғыда маңызды шешім. Себебі осы мәселені реттеу арқылы Кас­пий­­дің ай­ма­­ғындағы халықаралық тұ­рақ­­ты­лық пен экономикалық дамуға жол ашылды. Сол се­кіл­ді оның табиғи бай­лығын сақтап, географиялық орнын тиімді пайдалануға мүм­кін­дік ту­ды. Сондай-ақ 9 жылдан кейінгі үзі­лістен соң халық­ара­лық Аралды құт­қару қоры құрылтайшыларының қайта жүздесуі бұл бағыттағы жұ­мыс­ты жандандыра түсті. Су шаруа­ш­ы­лығы инфрақұрылымдарын қал­­пына келтіру және жаң­ғыр­ту, тұр­ғындарды сапалы ауыз сумен қам­тамасыз ету, Арал өңіріндегі эко­ло­гия­лық жағ­дай­ды жақсартуға байланысты әлеуметтік мәселелерді аймақ­аралық ынтымақтастық арқылы ғана шешуге болады.

– Осыған орай Орта­лық Азия сарап­шы­ла­рының екін­ші форумын аймақ­тағы су мәсе­ле­леріне арнағанды жөн санадық. Әрине мұндай ма­ңыз­ды тақырыпты қаузағанда ұлт­тық қауіпсіздік, ұлттық мүдде мәсе­ле­лерін есептен шығаруға бол­майды. Сондықтан барлық тарап­тар­­дың пікіріне құлақ асқан жөн. Су энер­гетикалық бағытында да түйт­кіл­ді мәселе аз емес. Биыл Астана эко­номикалық форумы аясында су ре­сурстарын тиімді пайда­лануға ар­налған жеке панель­дік отырыс өтке­нін айта кеткен орынды. Алқалы бас­қо­суда трансшекаралық өзендерге қа­тыс­ты бірқатар мәселе қаралды, – деді З.Шаукенова.

Жаһандық жылыну аймақтың климатын өзгертті

Қазір Орталық Азия аймағында айтар­лық­тай су тапшылығы байқал­май­­ды. Алайда Қырғызстан мен Тәжікстанның биік тауларындағы мұздықтардың еруі жаңа проб­лема тудыруы мүмкін. Бұл факторды сарап­шылар жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Сол себепті олар үлкен қауіптің алдын алу мақсатында кешенді ұсыныстарын білдірді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі осы бағытта 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Халықаралық ұйым былтыр жаңа стратегия әзірледі. Енді оның көмегімен трансшекаралық өзендерді пайдаланудағы өзекті мәселелерді шешуге ниетті.

– Жаңа стратегия ойдағыдай жүзеге асырылса, үш нәтижеге қол жеткізіледі деген үмітіміз бар. Атап айтсақ, превентивтік дипломатияның негізінде аймақтағы мемлекеттердің өзара сенімі артады деп күтілуде. Сонымен қатар салалық институттар мен құқықтық база жетілдіріліп, әріптестік байланыс нығая түсуге тиіс. Өңірдегі барлық елдер бұл бастаманы оң қабылдады. Бүгінде оны іске асыру кезеңі басталды. Алайда бұл оңай шаруа емес. Өйткені аталған мәселені жылдам шешудің тетіктері жоқ. Жаһандық жылыну Орталық Азияның биік тауларындағы мұздықтардың еруіне себеп болып отыр. Сол секілді Арал теңізінің тартылып қалғаны да аймақтың экологиялық жағдайына әсерін тигізіп жатыр. Әр мемлекеттің су қоры және су энергетикасына қатысты ұлттық жоспары бар. Бірақ аталған мәселені шешу үшін жаңа кешенді бағдарлама қажет. Бұл қазіргі замандағы ең күрделі сын-қатердің бірі. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Арал теңізінің тартылып қалғанын бүгінгі дәуірдегі алапат трагедиялардың қатарына жатқызды. 23 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы шеңберінде жаһандық кли­мат­тың өзгеруіне байланысты саммит өтпек. Бұл Париж келісімі негізіндегі міндеттердің орындалуын жылдамдатуға бағытталады. Бас хатшы мемлекет басшыларын 2050 жылға дейін парник газдарының көлемін қысқарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырады, – деді БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Наталья Герман.

Өзендердің ағыны бәсеңдеуі мүмкін

Еліміздің Сыртқы істер министр­лі­гінің дерегіне сүйенсек, Орталық Азиядағы су ресурстары толық кө­лем­де шаруашылық айналымына пай­даланатындықтан бүгінде өңірде су тапшылығы байқалып отыр. Бұл өз кезегінде жазғы маусымда өзен ағысын айтарлықтай әлсіретіп, судың сапасын нашарлатып экологияның ушығуына әкеліп соғады. Осыны ескерген Қазақстан билігі су шаруашылығы және су энергетикасы секторындағы қажетті инфрақұрылым құрылысына қосымша инвестиция тарту ісін қолға алыпты. Мұның нәтижесінде су шаруашылығы нысандарын пайдаланудағы мемлекетаралық тәртіп өзгеретіні даусыз. Осы ретте ұлттық мүдде алдыңғы орынға шығатыны айтпаса да түсінікті.

Бірыңғай орталықтандырылған жүйенің жұмысы тоқтатылған соң су ресурстарын басқару мен бөліп-тарату мақсатында құрылған аймақтық су шаруашылығы ұйымы өзіне жүктелген міндетті сәтті атқарды. Десек те оның жұмысын әлдендіру үшін бүгінгі тәуекелдерге кешіктірмей бейімдеу қажет, дейді отандық дипломаттар.

Айта кетейік, ел аумағындағы транс­шекаралық бассейн санатына Ертіс, Жайық, Іле, Тобыл, Шу, Талас, Есіл және Сырдария өзендері кіреді. Олардың жалпы көлемі шамамен 55,1 текше километр суды құрайды.

Жаңғырмалы энергетика суды үнемдей ме?

Халықаралық сарапшылар су тап­шы­лығы әсіресе Үндістанда қатты бай­қал­­ғанын айтады. Ел билігі ауылдық жер­лердегі су жүйелерін жақсартқанымен, 163 млн-дай адамның әлі де тіршілік нәріне қолы жетпей отыр. Жағымсыз рейтингтегі екінші орында Эфиопия орналасқан. Мұнда таза судан тарыққан халықтың саны 60 млн-нан асады екен. Сондай-ақ бұл қатарда Қытай, Конго, Индонезия, Уганда, Кения және Пәкістан сынды мемлекеттер бар. Сөз орайы келгенде айта кетейік, судың көп мөлшері ауыл шаруашылығы мақсатына қолданылып келеді. Ғалымдар диқандарға дәстүрлі суару жүйесінен бас тартып, ақылды технологияға көшуге кеңес береді. Бұл сөздің жаны бар. Фермерлердің суды тым артық мөлшерде пайдалануы өзендер мен суқоймалардың азаюы­­на алып келді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, алдағы он жылда энергетика секторына қажет судың мөлшері ұлғая түседі. Жаңғырмалы энергетика бір мәселені шешкенімен, екінші бір проблеманы тудыруы да ғажап емес. Мысалы, биоотын түрлерін өсіруге қосымша тұщы су қажет. Бұдан бөлек, климаттың өзгеруі де ахуал­ды қиындатуы мүмкін дейді экологтар. Гидро-атмосфералық ағындардың құбылмалылығы қуаңшылық пен су тасқындарының көбеюіне әсер етпек. Қазірдің өзінде үлкен мегаполистерде судың жетіспеушілігі сезіліп жатыр. 2018 жылы Кейптаунда су қорының аздығынан сәуір айында орталықтандырылған жүйе су беруді тоқтатыпты. Бұл кезең шаруа­ларға ауыр тиген көрінеді. Қажетті ылғалдың тапшылығынан африкалық диқандарға өнім көлемін қысқартуға тура келді. 2050 жылы тапшылық мәселесімен Лос-Андже­лес тұрғындары бетпе-бет келуі мүмкін. Үндістандағы Джайпур, сондай-ақ Тан­заниядағы Дар-эс-Салам шаһарына осындай қауіп төніп тұр. Тығырықтан шығудың амалы ретінде ғалымдар Париж келісімінің толықтай орындауды мен жаһандық су қорын үнемді пайдалануды ұсынып отыр.

Дереккөз: egemen.kz

Поделиться/Share
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  
  •  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *