5 қараша күні Тараз қаласында Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы дирекциясы (ХАҚҚ ҚР АД) «Қазфосфат» ЖШС-нің қолдауымен «Суармалы және деградацияға ұшыраған жерлерді жақсарту үшін фосфогипсті қолданудың ғылыми-тәжірибелік және инновациялық тәжірибесі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Конференция жұмысына Құрылтай депутаты Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы, ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай Халық Республикасының көрнекті ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, сондай-ақ фосфогипсті қолдануда мол тәжірибесі бар фермерлер қатысты.
Аталған конференцияны өткізуге «Арал өңірінің қазақстандық бөлігінде және Арал теңізінің құрғаған табанында фитоорманмелиорациялық жұмыстарды жүргізу кезінде фосфогипсті қолдану мүмкіндігін негіздеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу» жобасының іске асырылуы негіз болды. Жоба 2024–2026 жылдары «Қазфосфат» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды.
Конференция барысында экологиялық апат салдарынан бұрынғы Арал теңізінің табанында аумағы шамамен 6,0 млн гектарды құрайтын жаңа Аралқұм шөлі пайда болғаны атап өтілді. Оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл жерлерде гумус қабаты мүлдем жоқ деуге болады әрі топырағы қатты тұзданған. Көптеген жылдар бойы ғалымдар тұзданған жерлерді қалпына келтірудің түрлі тәсілдері мен құралдарын қолданып келді. Осыған орай, Арал теңізінің құрғаған табанының топырағына фосфогипстің әсерін зерттеу бойынша ғылыми эксперимент жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл міндетті іске асыру үшін ХАҚҚ ҚР АД Жамбыл және Түркістан облыстарының тұзданған әрі деградацияға ұшыраған жерлерінде фосфогипсті қолдану бойынша көпжылдық тәжірибесі бар «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ін тартты. Ерекше атап өту кету керек, бұл эксперимент Арал теңізінің құрғаған табанында алғаш рет жүргізілді.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары Арал өңірінде және тікелей Арал теңізінің табанында орналасқан, жалпы ауданы 4 гектарды құрайтын 4 пилоттық учаскеде жүргізілді. Жұмыстар фосфогипсті қолдану технологиясына қатаң сәйкестікте атқарылып, топырақ пен отырғызылған өсімдіктердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жасалды. Жыл бойы топырақ пен су сынамалары 2 рет алынып, зертханалық талдаулар жүргізілді. Нәтижелер топырақ жағдайының оң динамикамен өзгергенін көрсетті.
Ғалымдар ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін таныстырғаннан кейін, конференция қатысушыларына әртүрлі құрылыс материалдарын өндіруде фосфогипсті қолдану мүмкіндіктері туралы материалдар, сондай-ақ оны пайдаланудың шетелдік тәжірибесі ұсынылды. Баяндамалар аяқталған соң талқылау өтіп, оның барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жауап ала алды. Сонымен қатар, жоба аясында 2025 жылы ХАҚҚ ҚР АД тарапынан Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған фосфогипсті қолдану мүмкіндіктері мен практикалық аспектілеріне арналған оқыту семинарлары ұйымдастырылғаны атап өтілді.
Конференция аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Тамабек Әбілқайыр Ғалымұлының, ғылыми-зерттеу институттарының, ауыл шаруашылығы басқармаларының өкілдері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және «Қазфосфат» ЖШС қатысуымен «Суармалы және тозған жерлерді жақсарту үшін фосфогипсті қолдану перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында фосфогипсті тек ауыл шаруашылығында ғана емес, құрылыс материалдарын өндіруде де қолданудың перспективалары мен практикалық аспектілері қарастырылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізілген ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың оң нәтижелерін, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарының тұзданған және тозған жерлерінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің фосфогипсті қолданудағы көпжылдық практикалық тәжірибесін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының тұзданған және тозған жерлеріндегі топырақтың жай-күйі мен өсімдіктердің дамуына фосфогипстің әсерін зерттеуді жалғастыруды ұсынды. Осыған байланысты «Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілдері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруына бірлесіп өтінім дайындау және беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Жоспарланып отырған ғылыми бағыт топырақтағы және әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарындағы ластаушы заттардың, оның ішінде ауыр металдардың концентрациясы динамикасын кешенді зерделеуді көздейді. Аталған зерттеуді жүргізу кезінде іске асырылған жоба аясында бұрын алынған нәтижелерді пайдалану көзделуде.
Бұдан басқа, қатысушылар мүдделі мемлекеттік органдар мен «Қазфосфат» ЖШС-ге фосфогипсті ауыл шаруашылығы алқаптарына дейін тасымалдауды жеңілдету жөніндегі ықтимал шараларды қарастыруды ұсынды, бұл фермерлік шаруашылықтар үшін оның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық Аралды құтқару қорының
Қазақстан Республикасындағы
Атқарушы дирекциясы