«Тілсіз жауға жаланған, төтеп беріп кеште бұл. Жолды сақтап бораннан, қалды қалың сексеуіл» деген Сырбай Мәуленовтің ғажап жырына арқау болған сексеуіл әзелден құм суырған даладағы жолдың сорабын сақтауға қызмет етіп келе жатқан қайсар өсімдік. Кейінгі кезде пайдалануға берілген «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының да құм түтіп жейтін шөлейтті учаскелеріне Аралды құтқару қорымен бірге осы бір өсімтал ағашты егу жоспарланып отыр екен. Бұл асфальт жабындысын күннің ыстығы мен тұзды шаң-тозаңның қонуынан, құм көшінен сақтайтын көрінеді.
Жылына 2,5 мың гектарға егіледі
Иә, сексеуіл ең әуелі көшпенді бабаларымыздың шаңырағына жылу берген, қоламтасы таңға қоздап жататын қызуы өте жоғары ағаш ретінде белгілі. Содан да болар, қазақ қасиет тұтқан сексеуіл ағашы томарын үйінің төбесіне қойып қоятын бір тылсым құрметке де ие. Халқымыз үшін ертеден бағасы бөлек сексеуілдің бүгінгі миссиясы тіптен алабөтен, оны ғаламдық деңгейде қарастыруға болады. Яғни сексеуілдің жаңа ғасырдағы жаңа міндеті – Арал апатының зардабын жеңілдету. Оның үстіне еліміздегі орманды алқаптың жартысы сексеуілдің үлесіне тиесілі болғандықтан аталған өсімдікті сақтап қалудың маңызы зор. Себебі Кеңес өкіметі тарағаннан кейін кәуап әзірлеу, отын ретінде пайдалану үшін сексеуіл орманы Қазақстанда 6 облыста, әсіресе Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстарында көптеп оталды. Ел ішінде «тросовая ломка» аталып кеткен, яғни темір арқанмен жалғанған қос трактормен жүріп өту арқылы отаудың технологиясы сексеуілді түбегейлі құртып жібере жаздаған болатын. Міне, осы оспадар әрекеттердің залалын жою бойынша бүгінде жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.
БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуантүрлілік бойынша жобаларының менеджері Талғат Кертешевтің айтуынша, соңғы 5 жыл көлемінде Ғаламдық экологиялық қордың қолдауымен Арал өңіріндегі осы бағыттағы жұмыстар негізінен үш бағытта атқарылуда. Біріншіден, биологиялық алуантүрлілікті сақтау, екіншіден, жердің тозаңдануына қарсы күрес, үшіншіден, климаттың шұғыл өзгерісіне жергілікті халық пен экономиканы бейімдеу. Атап айтқанда, Арал теңізінің табаны құрғап қалған аумағында құмның көшуін тоқтату үшін 4 гектар жерге тұқымбақ салынды. Бұл тұқымбақта өсірілген көшеттер арқылы жылына 2,5 мың гектар Аралдың тұзды табанына сексеуіл егілуде.
«Соңғы ширек ғасырда кесілген сексеуіл алқаптарын біртіндеп қалпына келтіру қажет. Өйткені еліміздің территориясының жартысы шөл және шөлейтті аймақтарға жатады. Ал бұл өңірде тіршілікке пана, қалқа болып тұрған бірден-бір өсімдік – сексеуіл. Сондықтан сексеуіл тұқымбақтарын құру мен сексеуіл орманын қалпына келтіру өте өзекті. Осы орайда біз су арналарының табанын тазартуға да атсалыстық. Ата-бабаларымыздың мал шаруашылығында ауыспалы жайылымды дұрыс пайдалана білгенінен алатын тағылым мол. Яғни мал ағзасына тұз жетпей тұрғандықтан сексеуілдің жапырағымен қоректенеді. Қазір барлық мал ауыл маңында бағылады. Себебі алыстағы құдықтар істен шыққан немесе тұруға қажетті инфрақұрылым жоқ. Осы орайда малды ауыл маңынан ұзату мақсатында шалғай елді мекендерде күн, жел энергиясы стансаларын орнатып бердік. Шаруа қожалықтарындағы жас буын дәстүрлі ілімнен бейхабар болғандықтан оларды ауыспалы жайылым туралы хабардар еттік. Осы арқылы мал тұяғының сексеуіл ормандарын шектен тыс таптауына жол бермеу қарастырылды», дейді Т.Кертешев.
Бұрын теңіз жағасында тұрған Көне Қаратерең, Аралқұм, Ақеспе сынды елді мекендерді қазір құм басып жатыр. Оны КамАЗ жүк көлігімен тазалауға тура келеді. Қызылорда облысының Бөген, Аралқұм, Алматы облысының Бақпақты ауылдарында мал тұяғы іргедегі сексеуіл алқаптарын тоздырып жібергендіктен құм көшіп, аталған ауылдардың шеткі жағындағы үйлерді басып қалатын болған. «Төрт жыл бұрын Бақпақты ауылына барғанымызда, ауыл тұрғыны жел соққанда құм шаш пен ауыз тұрмақ, үйдің ішіне де кіріп кететінін айтып шағымданды. Тіпті қоршауының жартысын құм басып қалған екен. Біз оларға құмнан арылудың биологиялық және механикалық түрін үйреттік. Яғни Түрікменстанда қолданылатын технология бойынша құмға тұрғызылған қалқаға ылғал жиналады. Сол араға сексеуіл егіп, өсіруге болады. Қазір Бақпақты мен Нарынқұм ауылдарында бұталар жайқалып өсіп, құм көшін тоқтатты. Яғни мал жайылымының да сексеуіл орманына әсері бар», дейді ол.
2003 жылы барлық орман шаруашылық мекемелері облыс әкімдіктерінің қарамағына берілген болатын. Соңғы 15 жылда әкімдіктердің оларды қалай басқарғаны беймәлім. Осы ретте Т.Кертешев қазір голландиялық компаниямен бірге халықаралық талапқа сәйкес аталған әкімшілік құрылымның қандай артықшылығы мен кемшілігі барын зерделеуге арналған бір жылдық жобаны қолға алғандарын жеткізді. Осы арқылы Үкіметке ұсыныс енгізілмек.
Бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтатады
Жалпы, Қазақстанда сексеуіл ағашын кесуге 2023 жылға дейін тыйым салынған. Десе де заң талаптарының орындалуымен бірге сексеуіл орманын қалпына келтіру жұмыстары экологиялық акциямен одан әрі бекітіле түспек. Мәселен, осы айда Алматы қаласында «4 тонналық құм» атты арт-инсталляция қою көзделген. Себебі бір үйді 4 тонна құм басып қалатын болса, бір түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтата алатын күшке ие. Осы мағынаны білдіретін акцияның Алматыда бастау алуы бекер емес. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері қатысуы күтілген шарада «Жасыл мейрамхана» акциясы жарияланбақ. Бір жылға жоспарланған акция аясында қаладағы мейрамханалар мен дәмханалардың сексеуіл отынын пайдаланбауы, яғни жасыл мекеме ретінде қызмет көрсетуі қадағаланады. Сондай-ақ аталған акция аясында биыл қараша айында Қызылорда қаласында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан елдері өкілдерінің қатысуымен өтетін конференцияда 21 наурыз – Халықаралық орман күнін еліміздің бастамасымен Халықаралық сексеуіл күні ретінде жариялау туралы ұсыныс енгізу көзделіп отыр. Өйткені наурыз айы шөлейтті өңірлерде сексеуіл отырғызуға ең қолайлы уақыт.
Қайбір жылдары Алматы қаласының өзінде сексеуіл ағашы 600-ден астам сауда нүктесінде сатылатыны анықталды. Пайданың көзіне айналған сексеуіл отыны алып шаһарға жақын орналасқан Бақанас, Мойынқұм далаларынан отап әкелінетін. Бұл бір кездері жұмыссыздық белең алған тұста көптеген отбасылар үшін нәпақаның көзіне айналғаны да рас. Сексеуілге жоғары сұраныс табиғи алқаптардың құрып кету қаупін тудырды.
Экспорттық брендке айналдыруға болады
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Зәуреш Әлімбетованың айтуынша, қорық заңдылығы бойынша сексеуіл өсіруге қорықта рұқсат берілмейді. Яғни мұнда табиғаттың барлық тепе-теңдігі сақталады. Десе де, қазір қорық аумағына енген Қасқақұлан учаскесінде Қазақ орман шаруашылығы институтының басшылығымен ең әуелгі сексеуіл орманын егу жұмыстары сонау жетпісінші жылдары басталған екен. Өйткені Арал теңізі табанының кебуі, тұзды шаң болып қалуы теңіз табанындағы тұз бен шаңды тоқтату амалдарын қарастыруға мәжбүрледі. Яғни Қазақ орман шаруашылығы институтының басшысы Владимир Семенович Кавериннің бастамасымен сексеуіл, сарсазан, жыңғыл ағаштарын егу басталды. Соның ішінде энергетикалық қуаты, төзімділігі жағынан сексеуілді ерекше атап өтуге болады. Жетпісінші жылдары басталған эксперименталды тәжірибе қазір кеңінен қолданысқа енді. Математикалық есептеулерге сәйкес, Аралдың тұзы түу Арктикаға дейін жетуі ықтимал деген соң, 2003-2004 жылдары Дүниежүзілік банктің ауқымды жобасы басталды. Бұл шаң мен тұзды тоқтату үшін сексеуіл ормандарын көбейту жобасы болатын. Жоба аясында елімізде Семей мен Ертіс ормандарын және Аралдағы сексеуіл орманын өсіру жұмыстары қолға алынды. Осы жұмыстардың нәтижесінде сексеуіл орманының алқабы едәуір үлкейді.
Қазір бұл іс-қимыл Оңтүстік Кореямен бірлескен жоба аясында да жалғасын табуда. Корея елі бұған дейін Моңғолия, Қытай елдеріндегі шөлді далаларды жасылдандыру тәжірибелік жұмыстарын жүргізген болатын. Екі ел басшыларының мемлекетаралық ортақ келісімі нәтижесінде бүгінге дейін теңіз табанына 30 мың гектарға жуық алқапқа сексеуіл егілген екен. Биылғы көктемде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі бірігіп, Қызылорда облысындағы Арал теңізінің кепкен табанына фитоорман мелиорациясы жобасының гранты аясында 5 мың гектар аумаққа сексеуіл отырғызды.
«Бүгінде сексеуіл плантацияларын өсірушілерге мемлекет тарапынан субсидия беру қарастырылған. Кеңес өкіметі кезінде Францияға сексеуіл отыны экспортталған екен. Қазір де оның танымалдылығын арттырып, насихатталуын жолға қояр болса, Еуропа, Араб елдеріне тиімді түрде экспорттауға болады. Өйткені кез келген адам баласы тамақтанады. Ал сексеуіл шоғына әзірленген кәуәп, стейк сияқты тағамдардың дәмі тіл үйіретіні сөзсіз. Сондықтан оны экспорттық бренд ретінде пайдаланудың мүмкіндігі зор» дейді Зәуреш Жансұлтанқызы.
Қорық басшысының айтуынша, әзірге Арал өңірінің халқы бұл мәселеге ден қойып отырған жоқ. Барлығы балық аулау сияқты дайын кәсіппен айналысқанды жөн санайды. Ал сексеуілді еккеннен гөрі дайын, өсіп тұрған сексеуіл бұталарын отап, жинап алуға әзір тұрады. Осы психологиядан арылып, өздігінен өсетін, суаруды қажет ете бермейтін, көп шығын талап етпейтін сексеуіл алқаптарын өсіруді халықтық деңгейде жолға қоя білсек, оның пайдасы шаш-етектен болар еді, жұмыссыздықтың да алдын алар еді. Бұл Қазақстанның брендіне айналдыруға болатын бастама. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы да айтты. Қазір қорыққа келген шетелдік қонақтарға да осы мақсаттарымызды жеткізгенде, олар бірден қолдау білдіріп, мақұлдайды. Сонымен бірге сексеуіл өсіп тұрған кезінде де көкпеңбек болып қоршаған ортаға сән береді», деді ол.
Дереккөз: egemen.kz