Арал теңізін экологиялық тұрғыдан сауықтырып, экономикасын дамыту жанданып келеді. Цифрландыру және ғарыштық технологияларды пайдалану Арал өңірінің экологиясы үшін аса маңызды екенін негізге алатын болсақ, бүгінде бұл бағыттағы жобалар біртіндеп нәтижесін бере бастады.
Цифрландыру үдерісінде де спутниктік технологиялардың рөлі жоғары. Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылымының өзгеруі елімізде спутниктік жүйелер мен байланыстардың дамуына, ел аумағын түгел дерлік телебайланыстармен қамтуға мүмкіндік туғызды. Қазіргі кезде космонавтиканың ғылыми-техникалық өркендеудегі алға сүйреуші күш екені анық.
Халықаралық Аралды құтқару қоғамдық қорының атқарушы дирекциясы қазіргі кезде «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК акционерлік қоғамымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға мүдделі. Арал дағдарысының ғаламдық деңгейіне қатысты тағы бір маңызды іс-шара биыл сәуір айында Байқоңыр қаласында «Арал теңізі және ғарыш» дөңгелек үстелі аясында жоспарланған. Оған Қазақстан мен Ресейдің ғарышкерлері, сарапшылар, дипломатиялық миссиялар өкілдері қатысады.
ХАҚҚ атқарушы дирекциясының әлеуметтік-экономикалық мәселелері департаментінің басшысы Досжан Нұрбатыровтың айтуынша, Арал теңізін құтқаруда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу (САРАТС)» жобасының, сондай-ақ Кіші Аралды қайта қалпына келтіру бағытындағы жобалардың жүзеге асуының нәтижесінде аймақта экологиялық, әлеуметтік жағдайлар жақсарды. Жұртшылықтың көшу үдерісі тоқтап, тіршілік жандана бастады.
Бүгінде өңірде балық аулау, өңдеу саласы жақсы дамып келеді. Аталған жоба нәтижесінде Еуроодаққа жылына 8 мың тоннадан астам балық өнімі экспортталады. ХАҚҚ жоспарында заманауи технологиялар енгізуге байланысты балық өнімдерінің экспорттық қуатын екі есеге арттыру көзделіп отыр.
Арал теңізінің құрғап қалған түбін көгалдандыру жұмыстары 61 мың гектарда жүргізілген. Орманға зиянсыз ауыл шаруашылығы түрлерін жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдерін тексеру мақсатында жалпы аумағы 168 мың гектар болатын 20 көрсетілімдік учаске құрылған. Арал өңірінің қазақстандық бөлігінде 220 мыңнан астам халық тұратын 70-тен астам елді мекен сумен қамтамасыз етілген.
Соңғы кезде Солтүстік Арал теңізі суының деңгейі көтеріліп келеді. ХАҚҚ атқарушы дирекциясы Солтүстік Арал теңізінің Көкарал бөгетінде балық ресурстарын қорғау, санын арттыру және шығынын болдырмау мақсатында Халықаралық ынтымақтастық бойынша Герман қоғамымен (GIZ) бірлесіп маңызды жобаны жолға қойған. Жобаға сәйкес ірі балықтар мен шабақтардың бөгеттің жоғарғы бөлігінен төменгісіне сырғып, ағып кетуін болдырмау мақсатында бөгеттің алдыңғы жағына балықты қорғайтын арнаулы қондырғы орнатылатын болады. Нәтижесінде бірнеше миллиондаған балықты сақтап қалатын мүмкіндік туады.
Десек те, Арал өңіріндегі экожүйелердің бұзылуы өңір табиғаты үшін әлі де өзекті. Өткен жылдың тамыз айында Түрікменстан қаласында өткен ХАҚҚ құрылтайшы – Мемлекет басшыларының ХII саммитінде Орталық Азия мемлекеттері басшылары Арал теңізі бассейнінде су ресурстары мен қоршаған ортаны қорғау, бірлесе басқару және тиімді пайдалану бойынша шешімдерге мүдделі екенін мақұлдады. Саммит барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХАҚҚ ұйымдық құрылымын және құқықтық-келісімдік базасын жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Осы мәселелер бойынша ұлттық және халықаралық сарапшылар жұмысы басталды.