Дүниенің әр түкпірінде ауыз суға зәру болып отырған халықтар аз емес. БҰҰ-ның ғалымдармен бірлесіп жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес 2050 жылы әлемде 5,7 млрд адам су тапшылығын сезінуі мүмкін. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану – адамзаттың бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің қатарында.
Су айдындары қалдыққа толы
Бабаларымыз табиғатпен үндестікте ғұмыр кешіп, қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтай білген. Осыған ұқсас пікірлер биік мінберден жиі айтылады. Өткенді жырлау қазақ қоғамының бас ауруына айналып кеткені қашан?! Әлбетте тарихты ешкім жоққа шығармайды, ұлттың игі дәстүрлерін дәріптеу құптарлық іс. Десек те оның жарқын үлгісі бос ұраннан гөрі шынайы іс-әрекеттен көрінсе қане? Рас, судың қадірін он екі айда бір келетін қасиетті Рамазанда ғана сезбесек, басқа уақытта тіршілікке қажетті бұл компонентті ысырап жасайтынымыз белгілі. Егер «Судың да сұрауы бар» екенін естен шығармасақ, онда «Бірге – таза Қазақстан!» сынды тазалық акцияларының қажеті болмас па еді. Мәселен, «Аулардан таза су айдыны» науқанының бір күнінде еліміздегі 80-ге жуық су айдыны мен жағалаудан 121 тонна қоқыс және жалпы ұзындығы 95,3 шақырымды құрайтын синтетикалық тор жиналды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, 61 685 гектар ауданды қамтыған өзен-көлдерді тазарту үшін 431 су көлік техникасы және арнайы сүңгуірлер жұмылдырылыпты. Вице-министр Ерлан Нысанбаев тек мамыр айының өзінде елдегі суқоймаларында 395 шақырым қытайдың балық аулайтын торлары табылғанын айтты. Осыған жол бермеу үшін министрлік мұндай торды Қазақстанда пайдалануға тыйым салды. Бұл жағымсыз көрсеткішке қарап отандастарымыздың экологиялық мәдениетінің деңгейін бағамдай беруге болады.
Орталық Азияда халық саны 90 млн-нан асады
Әрине біздің айтпағымыз қолдағы табиғи қорды тиімді пайдаланып, келер ұрпақтың келешегін қамдау. Неге десеңіз, жаһандық экологияның архитектурасы шатқаяқтаған заманда су ресурстарын тиімді пайдалану өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл Орталық Азияға да тікелей қатысты. Сарапшылардың дерегінше, XXI ғасырдың ортасына қарай бұл аймақтағы халық саны 90 млн-нан асуы мүмкін. Осы ретте Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеуге әзір, дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова.
2018 жылы трансшекаралық өзендерге қатысты бірнеше маңызды мәселе реттелді. Атап айтқанда, Ақтауда өткен V Каспий маңы мемлекеттерінің саммитінде теңіздің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенция қабылданды. Бұл стратегиялық тұрғыда маңызды шешім. Себебі осы мәселені реттеу арқылы Каспийдің аймағындағы халықаралық тұрақтылық пен экономикалық дамуға жол ашылды. Сол секілді оның табиғи байлығын сақтап, географиялық орнын тиімді пайдалануға мүмкіндік туды. Сондай-ақ 9 жылдан кейінгі үзілістен соң халықаралық Аралды құтқару қоры құрылтайшыларының қайта жүздесуі бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсті. Су шаруашылығы инфрақұрылымдарын қалпына келтіру және жаңғырту, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Арал өңіріндегі экологиялық жағдайды жақсартуға байланысты әлеуметтік мәселелерді аймақаралық ынтымақтастық арқылы ғана шешуге болады.
– Осыған орай Орталық Азия сарапшыларының екінші форумын аймақтағы су мәселелеріне арнағанды жөн санадық. Әрине мұндай маңызды тақырыпты қаузағанда ұлттық қауіпсіздік, ұлттық мүдде мәселелерін есептен шығаруға болмайды. Сондықтан барлық тараптардың пікіріне құлақ асқан жөн. Су энергетикалық бағытында да түйткілді мәселе аз емес. Биыл Астана экономикалық форумы аясында су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған жеке панельдік отырыс өткенін айта кеткен орынды. Алқалы басқосуда трансшекаралық өзендерге қатысты бірқатар мәселе қаралды, – деді З.Шаукенова.
Жаһандық жылыну аймақтың климатын өзгертті
Қазір Орталық Азия аймағында айтарлықтай су тапшылығы байқалмайды. Алайда Қырғызстан мен Тәжікстанның биік тауларындағы мұздықтардың еруі жаңа проблема тудыруы мүмкін. Бұл факторды сарапшылар жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр. Сол себепті олар үлкен қауіптің алдын алу мақсатында кешенді ұсыныстарын білдірді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы аймақтық өкілдігі осы бағытта 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Халықаралық ұйым былтыр жаңа стратегия әзірледі. Енді оның көмегімен трансшекаралық өзендерді пайдаланудағы өзекті мәселелерді шешуге ниетті.
– Жаңа стратегия ойдағыдай жүзеге асырылса, үш нәтижеге қол жеткізіледі деген үмітіміз бар. Атап айтсақ, превентивтік дипломатияның негізінде аймақтағы мемлекеттердің өзара сенімі артады деп күтілуде. Сонымен қатар салалық институттар мен құқықтық база жетілдіріліп, әріптестік байланыс нығая түсуге тиіс. Өңірдегі барлық елдер бұл бастаманы оң қабылдады. Бүгінде оны іске асыру кезеңі басталды. Алайда бұл оңай шаруа емес. Өйткені аталған мәселені жылдам шешудің тетіктері жоқ. Жаһандық жылыну Орталық Азияның биік тауларындағы мұздықтардың еруіне себеп болып отыр. Сол секілді Арал теңізінің тартылып қалғаны да аймақтың экологиялық жағдайына әсерін тигізіп жатыр. Әр мемлекеттің су қоры және су энергетикасына қатысты ұлттық жоспары бар. Бірақ аталған мәселені шешу үшін жаңа кешенді бағдарлама қажет. Бұл қазіргі замандағы ең күрделі сын-қатердің бірі. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Арал теңізінің тартылып қалғанын бүгінгі дәуірдегі алапат трагедиялардың қатарына жатқызды. 23 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы шеңберінде жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты саммит өтпек. Бұл Париж келісімі негізіндегі міндеттердің орындалуын жылдамдатуға бағытталады. Бас хатшы мемлекет басшыларын 2050 жылға дейін парник газдарының көлемін қысқарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге шақырады, – деді БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Наталья Герман.
Өзендердің ағыны бәсеңдеуі мүмкін
Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, Орталық Азиядағы су ресурстары толық көлемде шаруашылық айналымына пайдаланатындықтан бүгінде өңірде су тапшылығы байқалып отыр. Бұл өз кезегінде жазғы маусымда өзен ағысын айтарлықтай әлсіретіп, судың сапасын нашарлатып экологияның ушығуына әкеліп соғады. Осыны ескерген Қазақстан билігі су шаруашылығы және су энергетикасы секторындағы қажетті инфрақұрылым құрылысына қосымша инвестиция тарту ісін қолға алыпты. Мұның нәтижесінде су шаруашылығы нысандарын пайдаланудағы мемлекетаралық тәртіп өзгеретіні даусыз. Осы ретте ұлттық мүдде алдыңғы орынға шығатыны айтпаса да түсінікті.
Бірыңғай орталықтандырылған жүйенің жұмысы тоқтатылған соң су ресурстарын басқару мен бөліп-тарату мақсатында құрылған аймақтық су шаруашылығы ұйымы өзіне жүктелген міндетті сәтті атқарды. Десек те оның жұмысын әлдендіру үшін бүгінгі тәуекелдерге кешіктірмей бейімдеу қажет, дейді отандық дипломаттар.
Айта кетейік, ел аумағындағы трансшекаралық бассейн санатына Ертіс, Жайық, Іле, Тобыл, Шу, Талас, Есіл және Сырдария өзендері кіреді. Олардың жалпы көлемі шамамен 55,1 текше километр суды құрайды.
Жаңғырмалы энергетика суды үнемдей ме?
Халықаралық сарапшылар су тапшылығы әсіресе Үндістанда қатты байқалғанын айтады. Ел билігі ауылдық жерлердегі су жүйелерін жақсартқанымен, 163 млн-дай адамның әлі де тіршілік нәріне қолы жетпей отыр. Жағымсыз рейтингтегі екінші орында Эфиопия орналасқан. Мұнда таза судан тарыққан халықтың саны 60 млн-нан асады екен. Сондай-ақ бұл қатарда Қытай, Конго, Индонезия, Уганда, Кения және Пәкістан сынды мемлекеттер бар. Сөз орайы келгенде айта кетейік, судың көп мөлшері ауыл шаруашылығы мақсатына қолданылып келеді. Ғалымдар диқандарға дәстүрлі суару жүйесінен бас тартып, ақылды технологияға көшуге кеңес береді. Бұл сөздің жаны бар. Фермерлердің суды тым артық мөлшерде пайдалануы өзендер мен суқоймалардың азаюына алып келді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, алдағы он жылда энергетика секторына қажет судың мөлшері ұлғая түседі. Жаңғырмалы энергетика бір мәселені шешкенімен, екінші бір проблеманы тудыруы да ғажап емес. Мысалы, биоотын түрлерін өсіруге қосымша тұщы су қажет. Бұдан бөлек, климаттың өзгеруі де ахуалды қиындатуы мүмкін дейді экологтар. Гидро-атмосфералық ағындардың құбылмалылығы қуаңшылық пен су тасқындарының көбеюіне әсер етпек. Қазірдің өзінде үлкен мегаполистерде судың жетіспеушілігі сезіліп жатыр. 2018 жылы Кейптаунда су қорының аздығынан сәуір айында орталықтандырылған жүйе су беруді тоқтатыпты. Бұл кезең шаруаларға ауыр тиген көрінеді. Қажетті ылғалдың тапшылығынан африкалық диқандарға өнім көлемін қысқартуға тура келді. 2050 жылы тапшылық мәселесімен Лос-Анджелес тұрғындары бетпе-бет келуі мүмкін. Үндістандағы Джайпур, сондай-ақ Танзаниядағы Дар-эс-Салам шаһарына осындай қауіп төніп тұр. Тығырықтан шығудың амалы ретінде ғалымдар Париж келісімінің толықтай орындауды мен жаһандық су қорын үнемді пайдалануды ұсынып отыр.
Дереккөз: egemen.kz