Арал теңізіндегі Көкарал бөгеті 2006 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. Ұзындығы 13 шақырымдық тоспа салынғаннан кейін кіші теңіздегі су деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеді. Теңіз кемерінен шегінген сәттен бастап азая бастаған балық түрлері қайта көбейіп, байырғы жұрт атакәсіпке оралды.
Жалпы, бүгінде теңізден жылына жеті мың тоннадай балық ауланып, оның екі мың тоннасы экспортталады. Қазір айдын 18 аумаққа бөлініп, ауданда 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Олардың өнімі қазір әлемнің әр түкпірінен табылады.
Бірақ бөгет арқылы балықтың өлі теңізге қарай ауып кетуі осы күнге дейін өзекті мәселе болып келген еді. Халықаралық Аралды құтқару қоры мамандары ізденісінің нәтижесінде Көкаралда балықтарды тоспадан өткізбейтін гидроакустикалық құрылғы іске қосылды. Қор мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамдастығы (GIZ) және облыстық әкімдік арасындағы меморандумы аясында жүзеге асқан жоба құны – 150 млн теңге.
Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының директоры Болат Бекнияз құрылғыны «Балық шаруашылығы ҒӨО» ЖШС мамандары патенттеп алғанын айтады.
– Жыл сайын Кіші Аралдан өлі теңізге қарай 5 мың тоннаға жуық ірілі-ұсақты балық ауып, қырылып қалып жатыр. Осыны болдырмау бағытындағы біздің ізденісімізді халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамдастығы (GIZ) қолдап, тоспаға қондырғы орнатылды. Мамандар оны 2 жыл көлемінде тәжірибеден өткізеді, – дейді Болат Қабыкенұлы.
Шараға Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клинер, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов, кезінде еліміздің Балық шаруашылығы министрлігін басқарған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов қатысып, бастамаға сәттілік тіледі.
– Адамзат баласы үшін табиғат ортақ. Сондықтан да бірлескен ісіміздің бүгінгі нәтижесін көріп қуанып тұрмын. Оның сәтті боларына сенемін, – деді елші Тило Клинер.
Тоспа түбіне орналасқан құрылғы балықты дабыл арқылы үркітіп тұрады. Мамандар балық «әуенге» бой үйретіп алмауы үшін құрылғы шығаратын дыбысты жиі өзгертіп тұруды ойластырып отыр.
Дерек көзі: egemen.kz