Аралды ғарыштан зерттеу өңірдің экологиялық және экономикалық ахуалын нақтылайды

Арал теңізін экологиялық тұрғыдан сауықтырып, экономикасын дамыту жанданып келеді. Цифрландыру және ғарыштық технологияларды пайдалану Арал өңірінің экологиясы үшін аса маңызды екенін негізге алатын болсақ, бүгінде бұл бағыттағы жобалар біртіндеп нәтижесін бере бастады.

2019_04_16_aral
Арал өңірі экологиясы мен теңіз­дің қазіргі жағдайы жайлы ақпарат жинақтап, мониторинг жасау үшін ғарыш спутниктерінің көмегі зор. Спут­никтер өте дәлдікпен түсірілген суреттер арқылы Арал өңірін­дегі табиғат құбылыстары мен эколо­гия­лық жағдайды айқындап, баян­дап береді. Осының негізінде өңірде болып жатқан табиғат құбылыстарын зерттеуге, яғни теңіз аумағы ше­ка­­­ра­сы­ның өзгеруі, су мен орман ре­сурстарының жағдайы мен аума­ғы, шөл мен шөлейттердің орналасуы, құм мен тұз борандарының қа­лып­тасуы, таралуы және басқа да көр­сеткіштер бо­йынша мониторинг жа­сап, ақпарат дайындауға мүм­кіндік мол.

Цифрландыру үдерісінде де спут­­­никтік технологиялардың рөлі жо­ғары. Цифрлы даму, қорғаныс және аэ­роғарыш өнер­кәсібі министрлігі құ­ры­лымының өзгеруі елімізде спут­­­­никтік жүйелер мен байланыс­­­тар­­дың дамуына, ел аумағын түгел дер­­лік телебайланыс­тармен қам­туға мүм­кіндік туғызды. Қа­зір­гі кезде кос­монавтиканың ғылы­ми-­техника­лық өр­кендеудегі алға сүй­реуші күш екені анық.

Халықаралық Аралды құтқару қоғамдық қорының атқарушы дирек­ция­сы қазіргі кезде «Қазақстан Ға­рыш Сапары» ҰК акционерлік қоға­мы­мен ынтымақтастық туралы меморан­дум­ға қол қоюға мүдделі. Арал дағ­да­ры­сы­ның ғаламдық деңгейіне қатысты тағы бір маңызды іс-шара биыл сәуір айында Бай­қоңыр қаласында «Арал теңізі және ғарыш» дөңгелек үстелі аясында жос­­парланған. Оған Қазақстан мен Ресейдің ғарышкерлері, сарапшылар, дипломатиялық миссиялар өкілдері қатысады. 

Арал теңізін құтқару мақсатында Орталық Азия мемлекеттерінің басшы­лары 1993 жылы Халықаралық Аралды құт­қару қорын (ХАҚҚ) құрғаны бел­гілі. Міне, осы уақыттан бергі ара­лық­та ХАҚҚ шеңберінде Орталық Азия елдері Арал теңізі бассейні мем­­лекеттеріне көмек көрсетуде АТББ-1,2,3 бағдарламаларын іске асырды. Қазіргі кезде төртінші жоба әзірленуде. Бағдарламалар су ресурс­тарын кешенді пайдалану, экология және әлеуметтік-экономикалық өркендеуді мақсат етеді. 

ХАҚҚ атқарушы дирекциясының әлеуметтік-экономикалық мәселелері департаментінің басшысы Досжан Нұрбатыровтың айтуынша, Арал теңі­­зін құтқаруда Қазақстанның  Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен «Сырда­рия өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақ­тап қалу (САРАТС)» жобасының, сондай-ақ Кіші Аралды қайта қалпына кел­тіру бағытындағы жобалардың жүзеге асуының нәтижесінде аймақта эко­логиялық, әлеуметтік жағдайлар жақ­сарды. Жұртшылықтың көшу үде­рісі тоқтап, тіршілік жандана бастады.

Бүгінде өңірде балық аулау, өңдеу саласы жақсы дамып келеді. Аталған жоба нәтижесінде Еуроодаққа жылына 8 мың тоннадан астам балық өнімі экспортталады. ХАҚҚ жоспарында заманауи технологиялар енгізуге байланысты балық өнімдерінің экс­порттық қуатын екі есеге арттыру көзделіп отыр. 

Арал теңізінің құрғап қалған түбін кө­галдандыру жұмыстары 61 мың гек­тарда жүргізілген. Орманға зиян­сыз ауыл шаруашылығы түрлерін жүр­гізудің жаңа әдіс-тәсілдерін тексеру мақсатында жалпы аумағы 168 мың гек­тар болатын 20 көрсетілімдік учас­ке құрылған. Арал өңірінің қазақ­стандық бөлігінде 220 мыңнан астам халық тұратын 70-тен астам елді мекен сумен қамтамасыз етілген.

Соңғы кезде Солтүстік Арал те­ңізі суының деңгейі көтеріліп ке­леді. ХАҚҚ атқарушы дирекция­сы Солтүстік Арал теңізінің Көкарал бө­гетінде балық ресурстарын қорғау, санын арттыру және шығынын болдырмау мақсатында Халықаралық ынтымақтастық бойынша Герман қоғамымен (GIZ) бірлесіп маңызды жобаны жолға қойған. Жобаға сәйкес ірі балықтар мен шабақтардың бөгет­­тің жоғарғы бөлігінен төменгісі­не сырғып, ағып кетуін болдырмау мақ­сатында бөгеттің алдыңғы жа­­ғы­на балықты қорғайтын арнаулы қон­дырғы орнатылатын болады. Нәти­жесінде бірнеше миллиондаған ба­лық­­ты сақтап қалатын мүмкіндік туады.

Десек те, Арал өңіріндегі экожүйе­­лер­дің бұзылуы өңір табиғаты үшін әлі де өзекті. Өткен жылдың тамыз айында Түрікменстан қаласында өт­кен ХАҚҚ құрылтайшы – Мемлекет бас­шыларының ХII саммитінде Орта­лық Азия мемлекеттері басшылары Арал теңізі бассейнінде су ресурс­тары мен қор­шаған ортаны қорғау, бірлесе бас­қару және тиімді пайдалану бойын­ша шешімдерге мүдделі екенін мақұлдады. Саммит барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХАҚҚ ұйымдық құрылымын және құқықтық-келісімдік базасын жетіл­діру қажеттігіне назар аударды. Осы мәсе­лелер бойынша ұлттық және ха­лық­аралық сарапшылар жұмысы бас­талды. 

Сондай-ақ биыл Қы­зылор­да, Арал, Қазалы, Байқоңыр және Алматы қалаларында Арал теңізі күніне орай іс-шаралар ұйымдас­тырылып, жоғары деңгейде өтті. 
Қорыта айтқанда, Арал өңірінде іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалардың барлығы халық тұр­мысын жақсартып, экологиялық, әлеу­меттік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталады. 
 
Источник: egemen.kz
 
2019.04.17