Көкарал бөгетіне неміс құрылғысы орнатылды

2020_06_22_aral_o

Арал теңізіндегі Көкарал бөгеті 2006 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген. Ұзындығы 13 шақырымдық тоспа салынғаннан кейін кіші теңіздегі су деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеді. Теңіз кемерінен шегінген сәттен бастап азая бастаған балық түрлері қайта көбейіп, байырғы жұрт атакәсіпке оралды.

Жалпы, бүгінде теңізден жылына жеті мың тоннадай балық ауланып, оның екі мың тоннасы экспортталады. Қазір айдын 18 аумаққа бөлініп, ауданда 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Олардың өнімі қазір әлемнің әр түк­пірінен табылады.

Бірақ бөгет арқылы балық­тың өлі теңізге қарай ауып кетуі осы күнге дейін өзекті мәселе болып келген еді. Ха­лық­аралық Аралды құтқару қоры мамандары ізденісінің нәтижесінде Көкаралда ба­лықтарды тоспадан өткіз­бейтін гидроакустикалық құрылғы іске қосылды. Қор мен халықаралық ынтымақ­тастық жөніндегі Герман қоғамдастығы (GIZ) және облыстық әкімдік арасындағы меморандумы аясында жүзеге асқан жоба құны – 150 млн теңге.

Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының директоры Болат Бекнияз құрылғыны «Балық шаруашы­лығы ҒӨО» ЖШС мамандары патенттеп алғанын айтады.

– Жыл сайын Кіші Арал­дан өлі теңізге қарай 5 мың тоннаға жуық ірілі-ұсақты ба­лық ауып, қырылып қа­лып жатыр. Осыны болдыр­мау бағытындағы біздің ізде­­нісімізді халықаралық ын­­тымақтастық жөніндегі Герман қоғамдастығы (GIZ) қолдап, тоспаға қондырғы орнатылды. Мамандар оны 2 жыл көлемінде тәжірибеден өткізеді, – дейді Болат Қабы­кен­ұлы.

Шараға Германия Феде­ративтік Республика­сының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тило Кли­нер, облыс әкімінің орынбаса­ры Бақыт Жақанов, кезін­де еліміздің Балық шаруа­шы­лығы министрлігін бас­қар­ған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов қатысып, бастамаға сәттілік тіледі.

– Адамзат баласы үшін табиғат ортақ. Сондықтан да бір­лескен ісіміздің бүгінгі нәти­жесін көріп қуанып тұрмын. Оның сәтті боларына сенемін, – деді елші Тило Клинер.

Тоспа түбіне орналасқан құрылғы балықты дабыл ар­қылы үркітіп тұрады. Ма­мандар балық «әуенге» бой үйретіп алмауы үшін құрылғы шығаратын дыбысты жиі өзгертіп тұруды ойластырып отыр.

Дерек көзі: egemen.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *